Астаналық белсенді Элвира Бекзадина екі ай үйқамаққа алынды

Элвира Бекзадина

Астаналық белсенді Элвира Бекзадина екі ай үйқамаққа алынды деп хабарлады адвокаты Мейіржан Досқараев Азаттыққа. Белсендінің үстінен 380-бап ("полиция қызметкеріне күш көрсету") бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Кеше кешке Астана қаласының тергеу соты оны екі ай үйқамаққа алды" деді адвокат 19 желтоқсанда.

Адвокат пен белсенділердің айтуынша, қоғамдық-саяси мәселелерге пікірін ашық айтып жүрген белсенді Элвира Бекзадина 16 желтоқсанда күндізгі сағат 11-де Астанада саяси құрбандарға гүл шоғын қою үшін кішкентай екі қызын ертіп үйінен шыққан. Дәл сол кезде күштік құрылымның 9 өкілі келіп (төртеуі – арнайы жасақ, екеуі ювеналды полиция қызметкері) оларды ұстап әкеткен.

Адвокат 16 желтоқсанда кешке түсірген видеосында оқиғаның жай-жапсарын баяндаған. Оның сөзінше, полицияда Элвира Бекзадинаға "балаларыңды ұстаймыз, қамаймыз" деген сияқты "қорқыту бағытындағы сөздер айтылған". Бұған қоса, кішкентай екі қызын тінтіп, киімдерін шешкізген. Ювеналды полиция қызметкері оқиғаны телефонға түсірген.

"Балаларды толық шешіндіріп жатқан кезде телефонға мүлде түсіруге болмайды және балаларды тінтудің не қажеті болған? Тінтуді жеке телефонға түсірудің не қажеті болды? Бекзадина оның телефонын алуға тырысқан деп айтады. Егер оны үш полиция қызметкері жібермей ұстап тұрса, ол қалай ювеналды полиция қызметкерінің денесіне жарақат түсіреді? Мен полицияға барған кезде Элвира Бекзадинаның қол, саусақтары ісіп кеткенін көрдім. Ол иығы мен шынтағында да жарақат бар екенін айтты. Айтуынша, полиция қызметкерлері оны басынан да ұрған. Шақырылған жедел жәрдем қызметкерлері оған ешқандай көмек бере алмайтынын айтты" деді адвокат Мейіржан Досқараев.

Оның сөзінше, ол жедел жәрдеммен қатар прокуратура мен 102 арқылы полицияны шақыруға тырысқан, алайда ешкім келмеген. Сол күні Бекзадина изоляторға қамалып, ізінше белсенді құрғақ аштық жариялаған.

Астана қалалық полиция басқармасы әзірге іс бойынша ақпарат берген жоқ.

Полиция құжатында Элвира Бекзадинаның 16 желтоқсанда Сарыарқа аудандық полиция басқармасы ғимаратының екінші қабатында ювеналды полиция қызметкеріне күш көрсеткені жазылған.

"16 желтоқсанда сағат 12:52-де ювеналды полиция бөлімінің капитанынан (аты-жөні көрсетілген) кәмелетке толмаған балаларды ұстау кезінде, Сарыарқа аудандық полиция басқармасына жеткізу кезінде екінші қабаттағы 201-кабинетте Элвира Бекзадинаның оның бетінен ұрып, осылайша полиция қызметкеріне бағынбағаны туралы рапорт келіп түсті" деп жазылған құжатта.

Іс 380-баптың 3-бөлігімен ретінде тіркелген.

Адвокаттың сөзінше, Бекзадинаның жарақаттануына қатысты прокуратураға шағым түсірілген. Ал медициналық сараптама белсендінің денесінен "жарақат таппаған". Олар өзге де медицина мекемелеріне баратынын айтады.

Элвира Бекзадина – "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құруға тырысып жүрген белсенді топ өкілі. Ол қоғамдық-саяси мәселелерге қатысты пікірін ашық айтып, көп мәрте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылған. Жуырда осы топтың тағы бір белсенді мүшесі Амангелді Жахин ұсталды. Адвокатының айтуынша, оған Қылмыстық кодекстің 405-бабы ("тыйым салынған ұйымның ісіне қатысу") бойынша іс қозғалған.

Белсенділер партияны тіркеу үшін кемінде 24 рет өтініш тапсырса да, өтініштері мақұлданбады. Құзырлы орган бастамашыл топ құжаттарын заңға сай өткізген жоқ деген уәж айтады. Қазақстан билігі соңғы жылдары саяси партияны тіркеу жеңілдей түскенін айтады.

"Алға, Қазақстан" ұйымы жетекшілерінің бірі болған Марат Жыланбаев 2023 жылы "экстремистік ұйым жұмысына араласты, оны қаржыландырды" деген айыппен 7 жылға сотталған. Сот ұйғарымымен Жыланбаев "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан деп көрсетілген.

2018 жылы Қазақстан соты шетелге қашқан банкир, Қазақстан билігін сынап жүрген Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық қозғалысын (ҚДТ) "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.