Ресей билігі ел халқын биыл әзірленген Max қосымшасын қолдануға итермелеп жатыр. Жұрт бұған қарсыласып келеді, бірақ қарсыласу қиындап барады.
Санкт-Петербургте тұратын бір әйел қосымшаны орнатпас үшін мемлекеттік мекемедегі жұмыстан шығып кеткен. Сібірдегі университет студенттеріне мобильді қосымшаны қолдануды бастамағандар қорытынды емтиханға жіберілмейтінін айтқан. Ал бір ер азамат бастығына бағдарламаны телефонға орнаттым деп өтірік айтып, қосымша телефон алуды қарастырып отыр.
Алты ай бұрын Ресей билігі азаматтардың цифрлық өмірін түрлендіретін ұлттық мессенжерін салтанатпен жариялады. Мемлекет қолдауымен әзірленген ұлттық мобильді қосымша арқылы адамдар көшедегі қоқысқа шағым айтудан бастап, балаларды мектепке тіркеу мен дәрігерге жазылуға дейін түрлі мәселені шеше алады деп айтылды.
Max мессенжері деп аталған қосымша – биліктің көпфункциялы "супер қосымша" әзірлеу талпынысындағы маңызды элемент. Телефонға орнатылған мұндай қосымша адамдарға сан түрлі қызметті ұсынады, ал оның бәрі мемлекеттік агенттіктердің немесе ФСБ-ның қадағалауында болады.
Ресейде Max қосымшасы үлкен қарқынмен жарнамаланды: билбордтарға қойылды, сайт бетіндегі қалқыма терезеден шықты, телеарна жарнамасынан көрінді, шенеуніктер мәлімдемесінде жиі аталды. Ал құзырлы органдар WhatsApp және Telegram секілді танымал қосымшалардың ел аумағындағы жұмысын тежеп, адамдарды шаршату арқылы жаңа қосымшаға итермеледі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ YouTube-ты ығыстыру жоспары: Кремль мақсатына жақындай түстіБИЛІКТІҢ ДЕГЕНІ ІСКЕ АСТЫ МА?
Іске асып жатыр, бірақ қарсылық танытып отырғандар әлі бар.
"Max соңғы тамшы болды" деді Оксана Петрова.
Санкт-Петербургте тұратын бұл әйел Max қосымшасын орнату туралы бұйрық түскен соң жұмыстан кеткен.
Петрова қосымшаның қауіпсіздігіне күмән келтіріп, оны не үшін орнатуым керек деп сұрағанда оған "барлық әлеуметтік желі бақыланатыны" жайлы ескерту жасалған.
Айтуынша, басшысы оған америкалықтар WhatsApp-ты, француздар Telegram-ды бақылайды, ал "Max-ты тек ФСБ ғана бақылайды" деп, оның мұндай сұрақ көтергені ФСБ-ға хабарланатынын білдірген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Павел Дуров және Telegram. Мессенжердің артықшылығы мен кемшілігі қандай?Азаттық радиосының Север.Реалии жобасына сұхбат берген Петрова да, өзге адамдар да қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін өзгертіп көрсетуді сұрады. Олар қудалану немесе қамалу қаупі төнетінін айтып отыр.
Анастасия есімді бір әйел өзінің ұлы тап болған бір жағдайды айтып шағынды. Оның сөзінше, баланы кино көруге арналған мектеп экскурсиясына қатыстырмай қойған, мектеп мұғалімі себеп ретінде анасының, яғни Анастасияның баланың қатысуына рұқсат беретінін Max қосымшасы арқылы растамағанын атап өткен. Ұл бала үйіне жылап келген.
"Мұғалім "ұнамаса, басқа мектепке ауысыңыз. Мен ата-анамен сөйлесуге басқа мессенжерді қолданбаймын, мектеп бұйрығы" деді". Анастасия болған жағдайды Threads (WhatsApp пен Instagram-ға иелік ететін Meta компаниясының платформасы) әлеуметтік желісіндегі жазбада осылай баяндады.
Редакция оған қосымша сұрақ жолдады, бірақ ол жауап бермеді.
БИЛІКТІҢ ИНТЕРНЕТТІ БАҚЫЛАУҒА ТАЛПЫНЫСЫ
Ресей билігі жылдар бойы WhatsApp пен Telegram-ды (негізін ресейлік бағдарламашы Павел Дуров қалаған мессенжер) қадағалайтын тетік іздеп келді.
Бұл талпыныс биліктің жалпы интернетті қадағалауға арналған үлкен науқанына сәйкес келді.
Мәскеу Facebook, Google, Apple және Amazon секілді Батыста орналасқан алпауыт платформаларды нысанаға алумен қатар Yandex, VK және Mail.ru секілді отандық балама өнімдерге басымдық беріп, оларды өз бақылауына алды.
VK әлеуметтік желісін Кремльдің ықпалды кеңесшісі Сергей Кириенконың ұлы басқарады. Былтыр бұл желі Max мессенжерін әзірлеуде көшбасшы атанды. VK сондай-ақ ресейліктер арасында танымал YouTube (Google өнімі) видео платформасына балама болатын сервис әзірлеуге де күш салды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әшкере болған әріптестік. Пекин мен Мәскеу бір-біріне цензуралауды қалай үйретті?15 жылдан астам уақыт бұрын Ресей цифрлық даму министрлігі "Госуслуги" деп аталатын электронды үкімет порталын ашқан. Бұл портал миллиондаған ресейлікті бюрократиялық қиындықтардан азат етіп, үкімет көрсететін қызметтерді жеңілдеткен.
2022 жылдан кейін "Госуслуги" өз қызметтерін VK сервистеріне интеграциялауға көшті. Елде телекоммуникация саласын реттейтін "Роскомнадзор" мекемесі осы "Госуслуги" арқылы ресейліктерге хабарлама жіберіп, Instagram секілді платформалардың бұғатталып жатқанын айтып, VK-ға көшуге үндеді.
Маусым айында Мемлекеттік дума Max платформасын мақұлдайтын заң қабылдады. Сол айда Ресей президенті Владимир Путин қосымшаны ресми түрде қолдап, мемлекеттік қызметтердің барлығы соған көшуі керек деді.
Содан бері елде ресейліктерді ұлттық мобильді қосымшаға көшіру жөнінде ірі науқан басталды. Науқан аясында қорқыту және мәжбүрлеу амалдары қолданылып жатыр.
"Max қосымшасын қолдануға итермелеуде барлық тәсіл қолданылып жатқанын мойындауыңыз керек. Оған Путиннің өзі де атсалысып отыр. Путин Max-тен өзге ешқандай коммерциялық ұйымға ашық қолдау көрсетпеген" деді "Настоящее время" телеарнасына "Интернетті қорғау қоғамының" директоры, белсенді Михаил Климарев. "Осының өзі одан бойды аулақ ұстау қажет екенін көрсетеді".
Russian Field зерттеу тобы жүргізген сауалнамаға қарағанда, ресейліктердің 68 пайызы Max қосымшасын мүлде орнатпағанын айтқан, ал 1 пайызы орнатқан, бірақ қолданбайды. Ал орнатқандары қосымшаны достарымен және туыстарымен сөйлесу үшін, сондай-ақ мектеп секілді мекемелермен хабарласу үшін қолданатынын мәлімдеген.
ОҚУ ОРЫНДАРЫНДАҒЫ АХУАЛ
Өткен айда Ғылым және жоғары білім министрлігі барлық жоғары оқу орындарына хат жіберіп, ресми коммуникация үшін Max қосымшасына тіркелу жөнінде белгіленген мерзім барын ескерткен, ол туралы есеп беруді талап еткен.
Кубань мемлекеттік университетінің студенттері деканның Max қосымшасын жүктеуге міндеттейтін бұйрығын жариялады. Бұйрыққа қарағанда, бас тартқандары түсініктеме жазуға тиіс.
Осыған ұқсас бұйрықтар өзге университеттерде де берілгені мәлім болды. Воронежде студенттерге "қосымшаны орнатыңдар, әйтпесе қорытынды емтиханға кірмейсіңдер" деген. Екатеринбургте студенттерді оқудан шығарамыз деп қорқытқан.
Қазан мемлекеттік университетінің Химия институты студенттерге Max-ты қолданбайтындар оқу ғимаратына кіргізілмейді деген.
Полиция репрессиясын қадағалап отыратын ОВД-Инфо жобасы қарашаның аяғына дейін осыған ұқсас ондаған шағым түскенін хабарлады.
Бірақ кейбір студенттер бұл талапқа селқос қарайды.
"Бұл жөнінде ерекше көңіл-күй жоқ. Орнаттым, тіркелдім. Бірақ оны қолданбаймын" деді Псков мемлекеттік университетінің студенті Алексей. "Өзгелер де сөйтті".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейде билік бұғаттаған интернет-басылым совет кезіндегі тәсілге көштіОл Max қосымшасы өзге мессенжерлерге қарағанда сенімдірек дейді.
ОВД-Инфо белсендісі Виктория Романованың айтуынша, университет әкімшіліктері заңды айналып өтіп, Max-ты орнатуға мәжбүрлеуде астарлы сөздерді қолданып отыр.
"Оқудан не жұмыстан шығарамыз, емтиханға жібермейміз дегендей тіке және ашық қорқыту сирек кездеседі" деді ол Азаттыққа. "Әдетте олар алда болуы мүмкін қиындықтарды, тәртіптік шараларды меңзейтін астарлы сөздерді қолданады, Max-ты орнатпау мүмкін болмай кететін жағдай жасайды".
Өткен аптада құзырлы мекемелер банктерді екіфакторлы аутентификация және транзакция сияқты операцияларда SMS хабарламасынан бас тартып, Max қосымшасын қолдану туралы идея ұсынды.
Ал осы аптада бірқатар ресейлік азамат "Госуслуги" қызметін пайдаланарда қиындыққа тап болғанын айтып шағынды. "Верстка" басылымының жазуынша, портал электронды қол қоюға арналған цифрлық кілтті қолдану үшін Max қосымшасын орнатуды талап еткен.
Санкт-Петербургтегі жылу электр станциясында ауысым жетекшісі болып жұмыс істейтін Алексей бастығына қосымшаны орнаттым деп өтірік айттым дейді. Оның сөзінше, әріптестерінің көбі сөйткен.
"Меніңше, жеке дерегі жария болып кетеді деп қорқатын адамдар қосымша құрылғы сатып алып, оны WhatsApp-ты қолдануға, жаңа электронды пошта аккаунттарын ашуға қолданады, ол құрылғымен "Госуслуги", Сбербанк пен өзгелерді қолдануға мәжбүр болмайды" дейді ол. "Осылай болып жатыр. Жағымсыз жағдай".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Егер Ресей ғаламдық интернеттен бас тартса, Қазақстан да интернетсіз қала ма?