Accessibility links

Балаева құқық қорғау ұйымдарының мәлімдемесіне реакция білдірді


Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева

Вице-премьер, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елдегі тәуелсіз ақпарат құралдарына жасалып жатқан қысым туралы мәлімдеме таратқан халықаралық құқық қорғау ұйымдарының үндеуіне реакция білдірді. Министр Facebook-тағы жазбасында "бұл үндеу нақты жағдайды толық білмеуден туындағаны анық" деп мәлімдеді.

Министрдің пікірінше, кейінгі күндері "кейбір қылмыстық істерге халықаралық назар аударту мақсатында "азаптау" туралы негізсіз ақпараттар әдейі таратылып жатыр". Министрдің жазбасында нақты адамның немесе редакцияның аты аталмайды.

"Кейінгі уақытта ақпараттық кеңістікте журналистер мен БАҚ-қа "жүйелі қысым көрсетіліп жатыр" деген мәлімдемелер жиі айтылып жатыр. Кейбір қылмыстық істердің фигуранттары мен олардың қорғаушылары тергеу барысында азаптау болғаны туралы айып тағып жүр. Осындай дәлелсіз мәлімдемелер қоғамды да, шетелдік құқық қорғау ұйымдарын да жаңсақ пікірге жетелеп отыр" деп жазды министр.

Оның айтуынша, қазіргі процестер " белгілі бір көзқарастарға немесе редакциялық саясатқа емес, жекелеген азаматтардың нақты құқықтық талаптарына байланысты қаралып жатыр және оларды уәкілетті органдар заң шеңберінде тексеруде".

Министр жазбасында Қазақстанда бірде бір адам "кәсіби қызметі үшін қудаланбайды" деп мәлімдеп, "тергеу және процессуалдық әрекеттерді сөз бостандығына қысым ретінде көрсету — қоғамдық пікірді әдейі бұрмалау" деп атаған.

Ол халықаралық құқық қорғау ұйымдарын, БАҚ пен қоғамды "тергеу аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауға" шақырды.

17 желтоқсан күні тоғыз құқық қорғау ұйымынан тұратын коалиция Қазақстан билігі кейінгі апталарда тәуелсіз журналистер мен баспасөз құралдарына қысым көрсетіп жатыр деп мәлімдеп, ел билігіне үндеу жасаған еді.

"Астана адам құқығы мен азаматтық еркіндікті қорғауда маңызды рөл атқаратын сөз еркіндігі мен тәуелсіз журналистиканы жаншуды доғаруға тиіс. Қазақстан баспасөз еркіндігі мен ақпараттың қолжетімділігін құрметтеп, оны қорғауы қажет", – деді "Халықаралық амнистия" (Amnesty International) ұйымының Орталық Азия жөніндегі зерттеушісі Мейзи Вайхердинг.

Коалиция мәлімдемесінде осы айдың басында Orda.kz басылымының кеңселерінде болған тінту жұмыстарын атап өткен. Бұған қоса, елдегі бірқатар тәуелсіз журналистердің әлеуметтік желі парақшаларының бұғатталуын айтқан.

Желтоқсанның басында Қазақстандағы тағы бір басылым – ҚазТАГ агенттігі басшысы мен редакторы жалған ақпарат тарату күдігіне ілінген еді.

Сол кезде Қазақстан вице-премьері әрі мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "кәсіби журналистерге қатысты әкімшілік немесе қылмыстық істердің барынша ашық әрі объективті қаралуы қажет екенін" айтты және министрлік құзыреті аясында "журналистердің құқығын қамтамасыз етуге және сот істерінің әділ қаралуы үшін қажетті барлық шараларды қабылдайтынын" мәлімдеген.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының 2025 жылға арналған баспасөз еркіндігі есебінде Қазақстан 180 елдің ішінде 141-орын алған. Ұйым Қазақстанда "тәуелсіз медиа еркін жұмыс істей алатын жалғыз кеңістік – интернетті бақылау күшейді" деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG