Accessibility links

БАҚ: Стамбулда жүздеген түркімен студенті өздерін оқудан шығаруға наразылық білдірді


Стамбулдағы Алтынбаш университеті алдында тұрған студенттер. turkmen.news сайтынан алынған сурет.
Стамбулдағы Алтынбаш университеті алдында тұрған студенттер. turkmen.news сайтынан алынған сурет.

18 желтоқсанда Стамбулда Алтынбаш университетіндегі жүздеген түркімен студенті өздерін оқудан шығаруға нарызылық білдірді.

Наразыларға сүйенген Тurkmen.news сайтының жазуынша, оқу орны ақшаға құнығып, университеттің мүмкіндігіне қарамай көбірек студентті қабылдаған, енді "артық студенттерді" оқудан шығарып жатыр.

Студенттердің айтуынша, басшылық 1.5 мыңнан астам адамды оқудан шығармақшы – барлығы Түркіменстан азаматтары.

"Олар өз азаматтарын шығарып жатқан жоқ – Түркіменстан азаматтарынан құтылып жатыр, біз банк арқылы оқу ақшасын төлеп қойғанбыз және оқуды бастап та қойдық" деді студенттердің бірі turkmen.news сайтына.

Басылым дереккөздерінің айтуынша, оқу орнының басшылығы түпкілікті шешім қабылдап та қойған, студенттермен сөйлесуден бас тартып отыр.

Түркімен студенттері өздерін жоғары оқу орнынан шығарса, Түркиядан депортациялай ма деп қауіптенеді.

2022 жылы қыркүйекте Түркия Ашғабаттың өтінішімен Түркіменстанмен визалық режим енгізген.

turkmen.news сайтының оқу орнындағы дереккөзінің айтуынша, кейбір студенттер әлі күнге дейін оқу ақысын төлемеген. Төлемді студенттердің өздері кешіктірді ме әлде Түркіменстан банкі ме – белгісіз.

Қараша соңында Азаттықтың Түркімен қызметі Түркіменстанда шетелде оқып жатқан студенттерге ақша аударымы бойынша тағы шектеу енгізілгенін хабарлаған.

Осыған ұқсас шектеулерге былтыр Ресейдегі түркімен студенттері де тап болған. Елдегі ірі оқу орындарының бірі Солтүстік Кавказ федералды университеті бірінші курсқа шамамен 1200 түркімен азаматын қабылдаған, алайда оқу орны ресми шақыруды уақытында рәсімдей алмаған, бұған қоса, шетел азаматтарын жатақханамен де қамтамасыз ете алмай қалған. Ақыры түрлі желеумен оларды жаппай оқудан шығарған. Ақпаратқа қарағанда, студенттерге оқу ақысы қайтарылмаған, Ресейге визалары да жарамсыз болып қалған.

XS
SM
MD
LG