Ресей президенті Владимир Путин жыл сайынғы баспасөз конференциясы кезінде журналистер мен азаматтардың сұрақтарына жауап берді.
Путин өз сөзін "соғыс пен бейбітшілік" мәселесінен бастады. Ол Ресей соғыстың "бастапқы себебін жоюды" талап етеді деп тағы мәлімдеп, Украинаның оны істеуге құлқы жоғын алға тартты. Ол бұған дейін талай айтқан 2014 жылғы Украинадағы "мемлекеттік төңкеріс", Украинаның шығыс аймағындағы халыққа "ұлттық қысым", "русофобия" және өзге мәселелерге тоқталды.
Ол өз сөзінде десе де, Украина басшылығында диалогқа деген "белгілі бір талпыныс бар" деді, бірақ әрі қарай тарқатып айтқан жоқ.
Майдандағы ахуалға тоқталған Путин "барлық бағыт бойынша қарсылас жақ шегініп жатыр" деді, ал Ресей әскерінің алға жылжуы "кей жерде жылдам, кей жерде баяу жүріп жатыр" деді. Оның сөзінше, ресейліктер Северск қаласын басып алған, ал ол жақтан Славянскіге жол ашылады. Путин сонымен бірге ресейліктер Константиновка мен Лиман қалаларының 50 пайыздан астамын бақылап отыр деді. Ол Запорожье облысындағы елді мекендер "бірінен кейін бірі азат етіліп" жатыр деді. Путин Харьков облысында Купянск қаласы да басып алынғанын айтты.
Украина жағы Путин айтқан қалалардың басып алынғанын растамаған. DeepState сараптамалық жобасының мәліметінше, Ресей әскері Донецк пен Запорожье облыстарында шынымен де алға жылжып келеді, атап айтқанда Гуляйполе қаласында. Алайда бір мезетте Украина күштерінің Лиман мен Купянскіде қайта шабуылға шыққаны жөнінде хабар болған. Купянскіде жуырда Украина президенті Владимир Зеленский де болды.
Зеленскийдің жуырда Купянск түбінен түсірген видеосына пікірін айтқан Путин қаланың өзі "Ресей бақылауында" деді. Ол Украина президентін "талантты әртіс" деп атап, Зеленский видео түсірген жер Украина бақылауында екенін іс жүзінде растады. Путиннің сөзінше, Ресей әскері жақын арада шабуылын бастап, оны басып алады деді.
Путин Ресей әскері жылжып, Украина күштерінің "стратегиялық резерві" сарқыла бастады деді. Оның сөзінше, бұл Киевті "қақтығысты бейбіт жолмен шешу жолдарын іздеуге" итермелеуге тиіс.
Украина өз қауіпсіздігіне кепілдік берілген жағдайда бейбітшілік келісіміне даяр екенін талай мәлімдеген. Бұған қоса, Зеленский Мәскеу талап етіп отырған Донбастың Киев бақылап отырған бөлігін Ресейге беруге қарсы екенін айтқан.